Рио-де-Жанейроның Маракана стадионында 31-жазғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті. Оңтүстік Америка құрлығында алғаш рет өткен Олимпиаданың жабылу салтанатын тамашалауға күшті жел тұрып, жаңбыр жауғанына қарамастан 50 мыңға тарта адам жиналды.
16 күнге созылған Олимпиада ойындарында 206 мемлекет пен босқындар командасынан 10 мыңнан астам спортшы 28 спорт түрі бойынша сайысқа түсті.
Жабылу салтанатының соңына қарай Токио мэрі Юрико Коике Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах пен Рио-де-Жанейро мэрі Эдуардо Паестен Олимпиада туын қабылдап алды. Енді келесі 32-жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылы Токиода өтпек.
Томас Бах Олимпиада алауы сөндірілетін кезде "Бұл - таңғажайып қалада өткен ғажап Олимпиада болды" деді.