Accessibility links

Ақтөбеде "Украинада соғысқан" тұрғынның соты кейінге қалды


Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Бүгін Ақтөбеде «Донецк халық республикасының» құрамында Украина әскеріне қарсы соғысты» деп айыпталған Максим Ермоловтың соты басталуы тиіс болатын. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, айыпталушының сотқа келмей қалуына байланысты істі қарау тамыздың 29-ына қалдырылды.

Ақтөбе облыстық сотының ақпараты бойынша, жергілікті тұрғын Максим Ермолов 2014 жылдың қыркүйегі мен 2015 жылдың ақпан айы аралығында Украинаның Донецк облысында болып, әскери қақтығыстарға қатысқан. Қолына қару алып, өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» жетекшілерінің түрлі тапсырмаларын орындаған. Донбасстағы «Оптима» қонақүйіне бекінген әскери бөлімді күзеткен.

Ақтөбелік Максим Ермолов 2015 жылғы ақпан айында жеке шаруаларымен Қазақстанға оралып, Ақтөбе облыстық ҰҚК департаменті қызметкерлері оны осы кезде ұстаған.

Күдіктінің адвокаты Дина Наурызбаеваның сөзіне қарағанда, қазір Максим Ермолов ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр. Бірақ айыпталушы бүгінгі сот процессіне келген жоқ. Оған қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша ("Шетелде қарулы қақтығысқа қатысу") айып тағып отыр.

XS
SM
MD
LG