Accessibility links

Адвокат: Сот Ажарқұлованың апелляциялық шағымын кешіктіріп тіркеді


Қыздығой Ажарқұлова. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.
Қыздығой Ажарқұлова. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облыстық соты «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша үш жыл шартты жазаға кесілген Қыздығой Ажарқұлованың апелляциялық шағымын тіркеуге алды. Бұл туралы Азаттыққа адвокат Гүлнәра Жуаспаева хабарлады.

Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәра Жуаспаеваның Азаттыққа айтуынша, сот 10 тамыз күні түскен шағымды 22 тамызда тіркеген. Енді апелляциялық шағым 1 айдың ішінде қаралуы керек.

- Сот кабинетінен SMS-хабарлама 22 тамыз күні түсті. Тіркеудің кешігуінің бірнеше себептері болуы мүмкін. Бізден бұрын жәбірленуші тарап не прокуратура да апелляциялық шағым түсірген жағдайда, не біздің шағым туралы жәбірленушілер мен прокуратураға ескертуге уақыт кетуі мүмкін. Бірақ бізге тіркеудің неге кешіккені хабарланбады, - деді Жуаспаева.

Гүлнәра Жуаспаева 3 күннің ішінде сот істі қай судья қарайтынын анықтап, сот процесінің қашан басталатыны жөнінде хабарлауы керек екенін айтады.

Гүлнәра Жуаспаева Қыздығой Ажарқұлованың апелляциялық шағымы үшінші рет жібергенде ғана қабылданғанын, одан кейін Қыздығой Ажарқұлованың өзі 11 тамыз күні соттың кеңсесіне өз қолымен тапсырғанын айтқан еді.

Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты 29 шілдеде Қыздығой Ажарқұлованы "алаяқтық" жасады деп айыптап, 3 жыл мерзімге шартты жаза тағайындап, сот залынан босатқан. Сот Ажарқұлованың тергеу аясында қамауда отырған сегіз айға жуық уақытының әр күнін бас бостандығын шектейтін екі күнге тең деп есептеп, бір жарым жылын шегерді. Сот үкімі бойынша Ажарқұлованың бас бостандығы енді бір жарым жылға шектеліп, дүние-мүлкі тәркіленбек және өзі бақылауда болмақ.

Сотта адвокат Жуаспаева Ажарқұлованың еш айыбы жоқ екенін, жәбірленушілер таққан айып сотта дәлелденбегенін алға тартып, соттан оны ақтауды сұраған.

Қыздығой Ажарқұлова соттың жарыссөзінде де, соңғы сөзінде де кінәсіз екенін айтып, өзін ақтауды сұраған.

XS
SM
MD
LG