Мәскеудің Астанаға берген С-300 зенит-зымыран кешенінің бес дивизионы Ресей мен Қазақстанның әуе шабуылынан қорғаныстың Бірыңғай аймақтық жүйесі аясында әскери кезекшілікке "таяу уақытта" тұрады. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Ресей әуе-ғарыштық күштерінің бас қолбасшысы Виктор Бондарев айтқан.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің ақпаратына қарағанда, Бондарев 24 тамызда Астанада ТМД елдері қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы әуе шабуылынан қорғаныс мәселелері бойынша үйлестіру комитетінің отырысына қатысқан.
Биыл жыл басында Ресейдің Қазақстанға С-300 кешенінің бес дивизионын қайтарымсыз түрде беруі аяқталғаны хабарланған. Мәскеу мен Астана әуе шабуылынан қорғаныстың Бірыңғай аймақтық жүйесін құру туралы 2013 жылы келісім жасасқан.