Қырғызстан билігі Бішкекте қырғыз азаматтарын Сирия мен Ирактағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы қатарында соғысуға тартты деген сезікпен Ресей азаматы ұсталғанын хабарлады.
Бішкек қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Олжобай Қазабаев 26 тамызда Азаттықтың Қырғыз редакциясына полиция күдіктіні оның пәтерінен "граната, оқ-дәрі мен ИМ-ді насихаттайтын материалдар табылған соң" ұстағанын айтты.
Қазабаев күдіктінің Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағынан шыққан, 1973 жылы туғанын ғана айтып, аты-жөнін жарияламады.
Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) осы айдың басында 600-ге тарта қырғыз азаматы, оның ішінде 100-ден астам әйел Сирия мен Иракта экстремистік топтарға қосылғанын мәлімдеген. Арнайы қызмет дерегінше, Таяу Шығыстағы экстремистерге қосылған 70-тен астам қырғызстандық мерт болған.