Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының 400 тұрғыны Шымкенттегі «Шымкент» әуежайынан қажылыққа аттанды.
Діни парызын өтеуге аттанған 63 жастағы Амангелді Төлеповтың айтуынша, бұл – оның алғашқы қажылық сапары.
Қажылыққа кеткен адамдарды шығарып салу шарасына тұрғындармен бірге Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшілігінің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мен Оңтүстіктік Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері де қатысты.
ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтың айтуынша, биыл Қазақстаннан қажылыққа аттанатын 3 мың азаматтың тең жартысына жуығы – Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Олардың жас шамасы 20-80 жас аралығында.
– Қажылыққа аттанатын тұрғындардың барлығының денсаулығы мұқият тексеруден өткізілді. Оларға еліміздегі 10 компания қызмет көрсетеді. Қауіпсіздігіне, ас-суы, жатын орны, көлік сынды қызмет түрінің бәріне жауапты болады, – дейді ол.
Қажылыққа барғандарға қызмет көрсететін компаниялардың бірінің директоры Ботакөз Сембекованың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл қажылыққа баруға ниетті азаматтар азайған.
– Былтыр Қазақстан бойынша 4 мың адам қажылыққа барған еді. Биыл халықтың жағдайына, дағдарысқа байланысты олардың саны 3 мыңға азайды, – дейді ол.
Оның сөзінше, қажылыққа барудың бағасы - қызмет сапасына қарай 3 мың доллар мен 13 мың доллар аралағында.