Accessibility links

Ислам Каримовтың жағдайы белгісіз күйде қалып тұр


Ислам Каримов, Өзбекстан президенті.
Ислам Каримов, Өзбекстан президенті.

Өзбекстан президенті, 29 тамызда ауруханаға түскені хабарланған Ислам Каримовтың денсаулығы қандай жағдайда екені әлі белгісіз күйде қалып тұр.

30 тамызда "Фергана" агенттігі аты-жөні аталмаған дереккөзіне сілтеме жасап Каримовтың "қайтыс болғанын" хабарлаған. Ал өзге ақпарат құралдары, оның ішінде ресейлік "Интерфакс" агенттігі оның тірі екенін хабарлаған. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 30 тамызда Кремль Каримовтың денсаулығына қатысты "жаңа ақпарат алмағанын" және Мәскеу үшін өзбек президентінің денсаулығына қатысты комментарий беру "жөнсіз болатынын" мәлімдеген.

Өзбекстан министрлер кабинеті 28 тамызда Каримовтың ауруханаға түскенін растаған. Өзбекстан министрлер кабинеті таратқан бұл хабар Каримовтың денсаулығы туралы алғашқы ресми хабар болды. Хабарламада өзбек президентінің дәрігерлерге қаралып жатқаны айтылып, ол ақпарат тұңғыш рет жергілікті телеарнадан берілді. Дәрігер оны "тексеру мен емдеу біраз уақытқа созыларын" айтқан.

Ал 29 тамызда Каримовтың кіші қызы Лола Каримова-Тилляева Instagram-да "Сенбі күні таңертең миына қан құйылғандықтан ауруханаға түсіп, қазір реанимация бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты. Қазір оның алдағы ахуалына қатысты болжам айтуға әлі ерте" деп жазған.

Ислам Каримов 1 қыркүйекте Өзбекстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шараларда көп алдына шығады деп жоспарланған.

78 жастағы Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан - Өзбек ССР коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған кезден бері басқарып келеді. Ол 1990 жылы Өзбек ССР-інің, ал 1991 жылы Өзбекстанның президенті болып сайланған. Ислам Каримов бес рет президент сайлауына түскен. Елдегі соңғы президенті сайлауы 2015 жылы өткен.

XS
SM
MD
LG