«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының дерегінше, Қазақстан журналистерінің одағы төрағасы Сейітқазы Матаевтың жұбайы журналист Баян Рамаханова күйеуінің өміріне қауіптеніп бас прокурор Жақып Асановқа хат жазған.
"Күйеуім Сейітқазы Матаевқа қаржы жымқыру мен салықтан жалтару бойынша жалған айып тағып отырған тергеу мен сот процесінің ұйымдастырылуы - күйеуімді өлімге итермелеу деген ойға әкеліп отыр" деген Баян Рамаханова.
Бас прокурор блогына жазған хатында Баян Рамаханова «тергеу кезінде жемқорлыққа қарсы бюро Матаевтың дәрігерлерге жүгінуіне кедергі жасағаны, судья Құрмантаевтың тыйымынан соң 23 тамызда күйеуінің сот залынан ауруханаға «гипертоникалық асқыну» диагнозымен жеткізілгені» айтылған.
«Менің күйеуім абыройы үшін күресіп, жеңгісі келеді. Белсенді қорғануға керекті күш-қайраты болуы үшін оған күтім, дұрыс тамақтану мен дәрігер қабылдауын қамтамасыз етеміз деп біз оның тұрмыс жағдайын өзгертуді сұрадық. Бізге тағы да рұқсат бермеді», - делінген хатта Матаевтың жұбайы бас прокурордан "күйеуін өлімнен арашалап қалуын» сұрайды.
Бас прокурор Жақып Асановтың блогында тек жауабы берілген сұрақтар жарияланады. Рамаханованың 30-тамызда жолданған хатына әлі жауап берілген жоқ.
Биыл 22 ақпанда«мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.
Матаевтардың үстінен сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.