Шет мемлекеттердің басшылары Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің қазасына байланысты ресми Ташкент пен Өзбекстан халқына көңіл айтып, жеделхаттар жолдады.
АҚШ президенті Барак Обама «қазіргідей күрделі уақытта Құрама Штаттар Өзбекстан халқына қолдау білдіретінін» айтқан.
«Өзбекстан өз тарихының жаңа тарауын бастап отырған бүгінгі кезде АҚШ Өзбекстанмен әріптестік қарым-қатынасына, оның егемендігіне, қауіпсіздігіне және барлық азаматтарының құқықтарын сақтауға негізделген болашағына қатысты ұстанымына берік болып қалады» делінген Ақ үй басшысының мәлімдемесінде.
Қытай президенті Си Цзиньпин өз жеделхатында Каримовтің қазасына байланысты Өзбекстан халқына көңіл айтып, «Қытай Өзбекстанмен жан-жақты стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайтынын» және «екіжақты қарым-қатынасты одан ары қарай тереңдете беруге ниетті екенін» білдірген.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айту жеделхатында «Қазақстандықтар бұл мезгілсіз әрі орны толмас қазаның ауыртпалығын бауырлас Өзбекстан халқымен бірге бөліседі. 30 жылдай қанаттаса жұмыс істеген досымнан айрылғаныма қайғырамын» деген.
Ресей президенті Владимир Путин Каримовтің қазасын «Өзбекстан халқы және бүкіл ТМД мен Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы бойынша серіктес елдер үшін өте ауыр қаза» деп атаған.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев көрші елдің басшысының қазасына байланысты Өзбекстан халқы мен марқұмның туыстарына көңіл айтып, Ислам Каримовке «қырғыз-өзбек екіжақты ынтымақтастығын орнатуға және дамытуға зор үлес қосқан мемлекеттік қайраткер» ретінде баға берген.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон көңіл айту жеделхатында «Ислам Каримовтің орны толмас мезгілсіз қазасы туралы хабарды Тәжікстанда қатты қайғырып қабылдағанын» айтқан.
Сонымен бірге Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Лавтия, Молдова, Украина президенттері, БҰҰ бас хатшысы да Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің қазасына байланысты ресми Ташкент пен Өзбекстан халқына көңіл айтып, жеделхаттар жолдаған.
Кеше кешкісін Өзбекстан үкіметі инсульт алып ауруханада жатқан ел президенті Ислам Каримовтің 2 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20.15-те қайтыс болғанын ресми түрде хабарлаған.
Өзбекстанды соңғы 27 жыл бойы басқарған Каримов 3 қыркүйекте Самарқанда жерленбек.