Accessibility links

Самарқанда Ислам Каримовті жерлеу рәсімі өтіп жатыр


Президент Ислам Каримовтің қайтыс болуына байланысты аза тұту күні төмен түсірілген Өзбекстан туы. Самарқан, Өзбекстан, 3 қыркүйек 2016 жыл.
Президент Ислам Каримовтің қайтыс болуына байланысты аза тұту күні төмен түсірілген Өзбекстан туы. Самарқан, Өзбекстан, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Самарқанда бүгін Өзбекстан президенті Ислам Каримовті жерлеу рәсімі өтіп жатыр. Осыдан бір күн бұрын 78 жасында қайтыс болғаны ресми жарияланған марқұмның сүйегі бүгін Ташкенттен Самарқанға ұшақпен жеткізілген.

Жұманың кешінен бастап Самарқан әуе кеңістігі азаматтық ұшақтар үшін жабылған. Каримовтің қазасына байланысты Өзбекстанда бүгіннен бастап үш күндік аза тұту жарияланған.

Самарқанда Каримовтің сүйегі салынған қаралы кортежді мыңдаған адам қарсы алған. Қоштасу рәсімі қала орталығындағы көпшілікке белгілі Регистан алаңында өтіп жатыр. Өзбекстанның тұңғыш президентін орта ғасырда өмір сүрген тарихи тұлғалар және Ислам Каримовтің ата-анасы жатқан Шахи-Зинда зиратына жерлейді. Соңғы 20 жыл бойы өзге ешкімді жерлемеген зиратқа Каримовті қоюға рұқсат етілген.

Тамыздың 27-і күні инсульт алып, ес-түссіз халде ауруханаға түскен Ислам Каримов қыркүйектің 2-і күні өмірден өткен. Оның қазасы туралы ресми хабарлама жарияланғанға дейін баспасөз құралдарында қарама-қайшы ақпараттар тараған еді.

Каримовті жерлеуге Қазақстан делегациясын премьер-министр Кәрім Мәсімов бастап барды. Қоштасу рәсіміне Қырғызстан мен Ресейден де президенттер емес, премьер-министрлер қатысқан.

XS
SM
MD
LG