Accessibility links

Аймақтардың біріндегі сайлауда Меркель партиясы 3-орын алды


Ангела Меркель, Германия канцлері.
Ангела Меркель, Германия канцлері.

Германия канцлері Ангела Меркельдің консервативтік Христиан-демократиялық одағы (ХДО) Мекленбург-Алдыңғы Померания федералдық округінің парламентіне сайлауда үшінші орын алды. ХДО солшыл социал-демократтардан және мигранттарға қарсы "Германияға альтернатива" партиясынан қалып қойды.

Сайлауда социал-демократтар 30,5 пайыз, "Германияға альтернатива" 21 пайыз, Христиан-демократиялық одағы 19 пайыз дауыс жинаған.

"Германияға альтернатива" басшысы Лейф-Эрик Хольм сайлау қорытындысын "мақтаныш нәтижесі" деп атады. Ол "Мұндағы ең тамаша нәрсе - біз Меркельдің Христиан-демократиялық одағын артта қалдырдық... Бәлкім, бұл Меркельдің канцлер қызметінің аяқталуының басы болар" деді.

Германиялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл - христиан-демократтардың осы федералдық округтегі сайлауларда жинаған ең аз дауыс.

Бұл дауыс беру 2017 жылы өтетін парламент сайлауы алдындағы дайындық ретінде қарастырылып отыр. Мекленбург-Алдыңғы Помераниядағы сайлау Германияның жүздеген мың босқынға шекарасын ашқанынан тура бір жылдан соң өтті. Алғашында Меркельдің саясаты үлкен қолдауға ие болған. Бірақ одан бері қоғамдық көңіл-күй өзгерді. Қоғамда Еуропадағы экономикалық ең қуатты елдің босып келген бір миллионнан артық адамды қабылдау мүмкіндігіне қауіп арта түсті.

Германияның солтүстік-шығысында теңіз жағасында орналасқан Мекленбург-Алдыңғы Померания - Меркельдің туған аймағы. Мұнда 1,3 миллион ғана адамның дауыс беру құқығы бар. Бұл федералдық округ Германияның ең кедей және халық аз қоныстанған аймағы саналады.

XS
SM
MD
LG