Accessibility links

Сейітқазы Матаев қайтадан ауруханаға әкетіліп, сот шегерілді


Сейітқазы Матаевты дәрігерлер ауруханаға әкетіп барады. Астана, 23 тамыз 2016 жыл.
Сейітқазы Матаевты дәрігерлер ауруханаға әкетіп барады. Астана, 23 тамыз 2016 жыл.

Астанадағы сотта ісі қаралып жатқан Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев жағдайы нашарлап, қайтадан ауруханаға түсіп қалды. Адвокаты Андрей Петровтың Азаттыққа айтуынша, сот 13 қыркүйекке шегерілген. Оның сөзінше, Матаевтың қан қысымы 240-та 141-ге дейін көтеріліп кеткен.

Петров Азаттыққа сұхбатында Матаевтың тамызда соты басталғаннан бері осымен екінші рет ауруханаға түскенін айтты. Алғаш ол 23 тамызда сот залынан ауруханаға әкетілген. 29 тамызда оны соттан ауруханаға әкетіп, қан қысымы төмендегенде қайтадан алып келген.

Биыл 22 ақпанда«мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

Матаевтардың үстінен сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.

XS
SM
MD
LG