Қазақстанда экстремизм және терроризммен күрес шараларын күшейтуге байланысты 19 заң мен 5 кодекске өзгерістер мен түзетулер енгізіледі деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Колкобаев. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы ол Астанада парламент мәжілісінде экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң актілеріне бірқатар түзетулер мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстырғанда айтты.
Колкобаевтың айтуына қарағанда, заң жобасында "Байланыс туралы", "Күзет қызметі туралы", "Қазақстан Республикасының ұлттық гвардиясы туралы" және басқа да заңдарға, "Қылмыстық кодекске" өзгерістер енгізу қаралған.
ҰҚК төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, заң жобасы мақұлданса экстремизм және терроризм айыбымен сотталғандардың мүлкі тәркіленбек.
Колкобаев сонымен бірге "Байланыс туралы" заңға құзырлы органдарға антитеррорлық операцияларды жүргізу кезінде байланыс қызметін уақытша тоқтатуға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, байланыс қызметі бас прокуратураға ескерту арқылы уақытша тоқтатылады.
Колкобаев сонымен қатар қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттары бар нысандарды күзететін ұйымдарға ерекше талаптар қойылатынын, күзет қызметіне алынатын адамдарға қойылатын талаптар күшейетінін айтты.
Заң жобасында бұған қоса экстремизм мен терроризмге болысатын діни топтар мен бірлестіктердің іс-әрекетіне тыйым салу, қару-жарақ айналымы мен қару-жарақ сатумен айналысатын заңды тұлғалардың қызметіне бақылауды күшейту қарастырылған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 қыркүйекте парламент палаталарының бірлескен отырысында парламентке экстремизм мен терроризмге қарсы заң жобасы, ақпараттық қауіпсіздік, қарсы барлау қызметі және басқа да заң жобалары берілетінін айтып, оны қарауды тапсырған.
«Әлемдегі өзге елдер тәрізді Қазақстан да терроризм қаупімен бетпе-бет жолықты. Алматы мен Ақтөбедегі террорлық шабуылдар салдарынан ұлттық гвардия сарбаздары, полиция қызметкерлері, еш жазығы жоқ азаматтар қаза болды. Мұндай жағдайда мемлекет еш нәрсеге қарамастан өз қауіпсіздігін нығайтуы тиіс» деген Назарбаев.
Президент «елдегі ішкі тұрақсыздықты теріс пайдаланып, қоғамға іріткі салуды ойлайтын күштер барын» да айтқан.