АҚШ Солтүстік Кореяға қарсы біржақты санкциялар енгізе алады деп мәлімдеді АҚШ-тың арнайы өкілі Сун Ким. Ол мұны Пхеньян билігі БҰҰ-ның тыйымдарына қарамастан, өзінің бесінші және осы кезге дейінгі ең ірі ядролық қару сынағын жасаған соң екі күннен кейін айтқан.
Сун Кимнің сөзінше, қазір БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея пысықтап жатқан іс-қимылдарға қосымша біржақты және екіжақты санкциялық шаралар, сонымен бірге үшжақты ынтымақтастық қарастырылуы ықтимал.
Токиода Жапония сыртқы істер министрлігі өкілдерімен кездесуден соң журналистер алдында сөйлеген Сун Ким АҚШ әзірше біржақты санкциялардың егжей-тегжейін нақтыламағанын айтқан. Оның сөзінше, АҚШ пен Жапония «қосымша біржақты санкциялар тұрғысынан барлық мүмкіндіктерді» қарастырып жатыр.
Жұма күні Солтүстік Кореяның ең қуатты ядролық қару сынағын жасағаны мәлім болған. Пхеньян баллистикалық зымырандарын ядролық оқтұмсықтармен жарақтандыруға қауқарлы екенін және өз ядролық бағдарламасын дамытуды жалғастыра беретінін мәлімдеген.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяның ядролық қару сынағын айыптап, дереу жаңа қарар жобасына кіріскен. Қауіпсіздік кеңесінде АҚШ, Ұлыбритания мен Франция Пхеньянға қарсы жаңа санкциялар енгізуге шақырған.