Accessibility links

Ақ үй Сноуденді кешірмейтінін білдірді


АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агенттігінде (ҰҚА) бұрын келісім-шартпен қызмет еткен Эдвард Сноуден.
АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агенттігінде (ҰҚА) бұрын келісім-шартпен қызмет еткен Эдвард Сноуден.

Мемлекеттік құпияларды ашты деп айыпталған Эдвард Сноуден туралы жаңа фильм режиссері президент Барак Обамадан «кейіпкеріне» кешірім беруге шақырды. Бірақ Ақ үй ұлттық қауіпсіздік агенттігінде (ҰҚА) бұрын келісім-шартпен қызмет еткен Сноуденді кешірмейтінін білдірді.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнесттің айтуынша, режиссер Оливер Стоун көркемдегеніне қарамастан Обама Ресейде жасырынып жүрген Сноуден АҚШ-қа оралып, құпия деректерді жария қылғаны үшін айыпталуы керек деп санайды.

Стоунның кинокартинасы 16-қыркүйекте шығады деп жоспарланған. Онда Сноуден ҰҚА құпия барлау бағдарламасының ақпаратын ашқан «сатқын» емес, патриот ретінде бейнеленген.

- Обаманың оны кешіруіне болар еді. Біз соған үміттенеміз, - дейді Оливер Стоун.

Ресейге барып, Сноуденмен кездесіп қайтқан актер Джозеф Гордон-Левитт «Сноуденнің елге оралғысы келетінін», айыпталып отырған «әрекетіне елін шын жүректен сүйгенінен барғанын» айтады.

Эрнестің сөзінше, Сноуденнің әрекеті «АҚШ-қа залалын» тигізіп, американдықтарға қатер төндірген. Сноуден елге оралса, оған 30-ға жуық айып тағылатынын айтқан баспасөз хатшысы Сноуденге «әділ қарым-қатынас көрсетіледі» дейді.

XS
SM
MD
LG