Осыған дейін қорғаныс министрі болған Иманғали Тасмағамбетов премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Тағайындау туралы жарлық Қазақстан президенті әкімшілігі сайтында жарияланған.
60 жастағы Иманғали Тасмағамбетов 2014-жылдың қазанынан бері қорғаныс министрлігін басқарып келген. Әр жылдары Атырау облысы, Алматы және Астана әкімі, президент әкімшілігі жетекшісі болды. 2002 жылдан бері премьер-министр қызметін екі жыл атқарды.
Тасмағамбетовтың орнына бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары, Қазақстан қарулы күштері бас штабының басшысы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов тағайындалды. Оның тағайындалуы жөніндегі президент жарлығы Ақорда сайтында жарияланған.
Бұл - өткен аптада 2014-жылдан бері Қазақстан үкіметін басқарған Кәрім Мәсімовтың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығына жіберілгелі бергі кезекті өзгеріс. Өткен жұмада Қазақстан премьер-министрі болып Бақытжан Сағынтаев тағайындалған.