"Түрмеде зорланды" делінген жазасын өтеуші Наталья Слекишинаның адвокаты Айман Омарова оның өзінен бас тартқанын хабарлады. Айман Омарова "тергеу изоляторында отырған Слекишинаға қысым жасалғандықтан ол менің адвокаттық қызметімнен бас тартуға мәжбүр болды" деп мәлімдеді.
Азаттық бұл іске қатысты Наталья Слекишина отырған тергеу изоляторына хабарласқанда ол жақтағы кезекші «басшылық жоқ» деп, ешқандай ақпарат бермеді.
Наталья Слекишина 2015 жылы Алматыдағы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/18 түрмесінде қамауда отырғанда өзін бір топ адам зорлады деп мәлімдеген. Слекишина бұдан соң жүкті болып, қыз туғанын айтқан. Сараптама нәтижесінде дүниеге келген сәбидің әкесі осы түрме қызметкерлерінің бірі екені анықталған. Күдікті ретінде түрменің төрт қызметкері тергелген.
Бұл іс бойынша түрме қызметкері, 37 жастағы Руслан Хакимов сотталып жатыр. Руслан Хакимовке "кісі зорлады", "қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" деген айыптар тағылған. Сот тамыздың 11-інде басталып, Алматының Түрксіб аудандық сотында жабық түрде өтіп жатыр.
Қыркүйектің 16-сы күні бұл іске қатысты жарыссөз болады.