Германияның Мюнхен қаласында бүгін дәстүрлі сыра фестивалі – Октоберфест ашылды. Терроризм қаупіне байланысты биыл ұйымдастырушылар қауіпсіздік шараларын күшейтті. Шараға келушілердің сөмкесін тексерді, фестиваль өтетін аймаққа рюкзакпен кіруге тыйым салынды. Бавария билігі босқындар мен сыраға бөгіп алған оңшыл көзқарастағы азаматтар өзара қақтығысып қалуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Былтыр Таяу Шығыс пен Африкадан барған миллионнан аса адам Германиядан баспана сұраған. Соңғы айларда елде исламшылар жасаған бірнеше шабуылдың кейбіріне босқындар да қатысқан. Бавария билігі ел канцлері Ангела Меркельдің көші-қон саясатына бірнеше рет қарсылық білдіріп, босқын қабылдауға шектеу енгізуді талап еткен.
Октоберфест сыра фестивалі қазанның 3-іне дейін жалғасады. Жыл сайын өтетін шараға алты миллионға жуық адам қатысады. Ол әлемдегі ең үлкен мейрам ретінде Гиннес рекордтар кітабына енгізілген.