"Мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржыны ұрлады" деп айыпталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев Астанада өтіп жатқан сотта сөз алды.
Сотқа қатысып отырған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Матаев өз сөзінде жеке пікірі мен тәуелсіз БАҚ көрсеткен қолдауы үшін қудаланып жатқанын айтқан.
Матаевтың сотта алғаш жауап беру 21 қыркүйекке жоспарланғанымен сот оны бүгінге қалдырған еді. Ал Матаевтың адвокаты Андрей Петровтың пайымдауынша, "журналистер тарапынан сотқа қызығушылық жоғары болғандықтан Матаевтың алғашқы жауап беруі кейінге қалдырылған".
21 қыркүйектегі сотта судья видео операторларды сот залынан шығуын сұрап, олардан сот процесін арнайы жабдықталған бөлмеден бақылауды сұраған.
Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды.
Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.