Қазақстан бойынша биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысына сәйкес орташа еңбекақы көлемі 143,6 мың теңгені (420 долларға жуық) құаған. Бұл 2015 жылғы екінші тоқсанмен салыстырғанда 15,6 пайызға көп деп хабарлайды Ranking.kz мониторинг жобасы сайты.
Сонымен бірге, аталған кезеңде тауар мен қызмет бағасының қымбаттауы еңбекақы өсімінен артып, ел көлемінде орташа есеппен 16,8 пайызды құрағаны айтылған. Мониторинг жобасының деректері бойынша, тағам өнімдеріне жатпайтын тауар түрлерінің бағасы 27,4 пайызға қымбаттаса, тағам түрлері бағасы 13,9 пайызға, ақылы қызмет бағасы – он пайызға өскен.
«2016 жылы тамызда тауарлар мен қызмет бағасының жылдық өсімі тұтастай алғанда 17,6 пайызға (2015 жылғы тамызға шаққанда) жетті, тағам өнімдеріне жатпайтын тауар бағасы – 28,3 пайыз қымбаттаған» делінген Ranking.kz ақпаратында.
Ең үлкен баға өсімі Астанда тіркелген: тауар мен қызмет түрлері 22,3 пайызға, тағам өніміне жатпайтын тауарлар- 43,7 пайыз қымбаттаған, ал осы кезеңде еңбекақы өсімі 11,9 пайызды құраған. Онан кейінгі орындарда – Маңғыстау облысы (баға - 20,5 пайыз, еңбекақы - 9,2 пайыз) мен Алматы қаласы (баға - 17,8 пайыз, еңбекақы - 15,6 пайыз) тұр.