Ресей президенті Владимир Путин Мемлекеттік дума төрағасы қызметіне президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған Вячеслав Володиннің кандидатурасын ұсынды деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Володиннің кандидатурасын ұсынған кезде Путин палата спикері туралы шешімді депутаттардың өздері қабылдауы тиіс екенін айтқан. «Бірақ біз Дмитрий Анатольевич [Медведев, премьер-министр – ред.] екеуміз бұл қызметке Вячеслав Викторович Володинді сайлауды сұраймыз» деген Путин.
Биліктің «Единая Россия» партиясының парламентегі фракциясы жетекшісі Владимир Васильев Путиннің ұсынысын партия қолдайды деп жауап берген. 2014 жылғы «Валдай клубы» отырысында «Путинсіз бүгін Ресей де жоқ» деген сөзімен көпшілікке белгілі Вячеслав Володин Кремльдің ішкі саясат кураторы болып келген.
Осының алдындағы шақырылымда Ресей парламенті төменгі палатасына жетекшілік еткен Сергей Нарышкин Ресей сыртқы барлау қызметі басшысы болып тағайындалған.
18 қыркүйекте өткен Мемлекеттік дума депутаттары сайлауының ресми нәтижесі бойынша, «Единая Россия» партиясы парламенттегі 450 орынның 343-ін алып, саяси басымдыққа ие болды. Сонымен бірге билікке адал өзге үш партия да парламентке қайта өткен. Парламентке өту үшін қажетті бес пайыздық межені еңсере алмаған оппозиция сайлау қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеген.