Accessibility links

Ақтоғай ауданында Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш ашылды


«Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың мүсінінің ашылу рәсімі. Ақтоғай ауылы, Қарағанды облысы. 24 қыркүйек 2016 жыл.
«Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың мүсінінің ашылу рәсімі. Ақтоғай ауылы, Қарағанды облысы. 24 қыркүйек 2016 жыл.

Қарағанды облысында «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына орай бүгін оның туған жері Ақтоғай ауылында ескерткіштің ашылу салтанаты мен ғылыми-конференция өтті.

Ақтоғай ауданы орталығындағы «Алаш алаңындағы» Әлихан Бөкейхановтың ескерткішіне шараға қатысушылар гүл қойды. Ескерткіш Ақтоғайдағы оның есімі берілген мектептің алдына орнатылған. Бұл – Қазақстанда Әлихан Бөкейхановтың есімімен аталған алғашқы мектеп дейді жергілікті билік өкілдері.

Мерекелік шара барысында Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жақын болашақта Қарағандыда Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнатылады, ал қаланың бір ауданына оның есімі беріледі деп мәлімдеді.

1937 жылы сталиндік билік жүргізген репрессия барысында Ресейде атылған Әлихан Бөкейханов 20-ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, тұңғыш қазақ саяси партиясын құрушы және аз ғана уақыт дәурен құрған «Алашорда» үкіметінің жетекшісі ретінде танымал. 1917 жылы Ресейде ақпан революциясынан кейін қазақ жерінде ұлттық автономия құруға талпынған «Алашорда» үкіметіне кейін совет үкіметі тыйым салып, оның мүшелерін қуғын-сүргінге ұшыратқан.

XS
SM
MD
LG