Сирияның Алеппо қаласында соңғы күндері жаңа қарқынмен басталған соғыс қимылдарына байланысты АҚШ, Ұлыбритания және Франция БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұрады. Шұғыл жиын жексенбі күні өтуі мүмкін деп хабарлайды AFP.
Бұған дейін БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Алепподағы қарулы жанжалдың қайта күшеюін айыптап мәлімдеме жасаған болатын.
Кеше Сирия президенті Башар Асадтың армиясы Алеппоның көтерілісшілер бақылауындағы аудандарын қайтарып алу ниеті барын мәлімдеген. Сенбіде үкімет күштері қалаға әуеден бастырмалата соққы берумен болды.
Қыркүйектің 24-і күні Алеппода әуе шабуылы салдарынан ондаған адам қаза болғаны туралы хабарланған.