Украинада екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистер оккупациялап алған Киев түбінде 34 мыңға жуық еврейдің жаппай қырғынға ұшырағанына 75 жыл толғанын еске алып жатыр.
Нацистер 1941 жылы 29-30 қыркүйекте Киевтің түбіндегі Бабий Яр жырасында 33 мың 771 еврей еркектері, әйелдер мен балаларын қырып тастаған. Бұл - нацистердің еврейлерді түбегейлі қыру әрекеттерінің алғашқы оқиғаларының бірі болды.
Бүгін кешке қарай Украина президенті Петр Порошенко бастаған делегация қырғын құрбандарына арналған ескерткішке бармақ. Еске алуға Израиль президенті Реувен Ривлин де қатысатын болған. Бірақ Ривлин Израильдің бұрынғы президенті Шимон Перестің қайтыс болуына байланысты Киевке сапарын доғарды.
Қыркүйектің 27-сі күні Ривлин украин депутаттарына Еуропадағы нацистік Германияның 6 миллионға жуық еврейді өлтірген Холокост қырғыны кезіндегі қылмыстардың көбін "украиндықтар", оның ішінде әскериленген Украина көтерілісшілері армиясы сарбаздары "жасағанын" айтқан.