Accessibility links

Белсенділер «Нұр Отан» кеңсесінде судьяларды жүзбе-жүз сөйлесуге шақырды


"Әділет үшін" қоғамдық ұйымының белсенділері "Нұр Отан" партиясына барды. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл.
"Әділет үшін" қоғамдық ұйымының белсенділері "Нұр Отан" партиясына барды. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл.

Қыркүйектің 30-ы күні бір топ азаматтық белсенді «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласындағы бөлімшесіне барды. Оннан астам белсенді әуелі «Нұр Отан» партиясының кеңсесі алдында наразылықтарын білдірді. Өздерін «Әділдік үшін» қоғамдық ұйымының мүшесіміз дейтін белсенділер осы үйымға мүше мыңдаған адамның әртүрлі мәселелер бойынша құқық қорғау органдарының "әділетсіз шешімдерінен" зардап шеккендерін, жазған шағымдарына жауап алмағанын айтады.

«Нұр Отан» партиясының өкілдері шығып, заңсыз жиын өткізбеуді, кеңсеге кіруді өтінген соң белсенділерін наразылықтарын кеңсе ішіндегі фойеде жалғастырды. «Сот құқықтық жүйесі» деген жазуы бар плакатты еденге тастап, үстіне бірнеше қолғап лақтырған белсенділер мұны «әділетсіз шешім шығарған судьяларды бетпе-бет сөйлесуге шақырудың белгісі» деп түсіндірді.

«Нұр Отан» партиясы кеңсесінің фойесінде жиналған белсенділер президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жасап, сот пен прокуратураның "әділетсіз шешімдерінен" шаршағандарын, бұдан "тек президент қана құтқара алатынын » айтты.

Белсенділер наразылық білдіріп тұрғанда өзін Алмалы аудандық прокурорының орынбасарымен деп таныстырған прокурор келді. Ізінше «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық бөлімшесінің орынбасары Жұлдыз Омарбекова мен Станислав Канкуров шығып белсенділерді кабинетте кездесуге шақырды. Алайда белсенділердің көпшілігі «бәрібір мәселені шеше алмайтын партия өкілдерімен сөйлесуден» бас тартып кеңседен шығып кетті.

Жұлдыз Омарбекованың Азаттық тілшісіне айтуынша, наразы белсенділердің мәселесін тыңдау үшін бүгін «Нұр Отан» партиясы кеңсесіне қалалық атқарушы орган қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының басшылары шақыртылған.

Станислав Канкуровтың шақыруымен белсенділер арасынан қабылдауға кірген Есенғазы Қуандықов көп ұзамай қайта шығып кетті. Оның сөзіне қарағанда, «Нұр Отан» кеңсесіне басқа да көптеген зейнеткерлер жиналған. Наразы белсенділердің мәселесін олармен араластырып, көптің бірі ретінде қарастыру мүмкін емес. Акцияға қатысушылардың бірі Нәзия Біржанованың айтуынша, наразылық білдірушілерге «әділетсіз шешім шығарған судьялардың» ешқайсысы келмеген.

«Әділдік үшін» қоғамдық ұйымының мүшелері қыркүйектің басында Алматы қаласындағы «Нұр Отан» кеңсесіне келіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу-хат жолдаған. Оған өз қолдарын тіліп, қанмен қол қойған. Хатта әділет органдарының шешіміне наразы екендіктерін білдірген.

XS
SM
MD
LG