Израильде бүгін бұрынғы президент әрі премьер-министр Шимон Пересті жерледі. Иерусалимдегі жерлеуге 70-ке тарта елдің басшылары мен өкілдері жиналды.
Перестің табытын Иерусалимнің Герцл тауындағы ұлттық зиратқа құрметті қарауыл күзеті алып келді. Жерлеу рәсіміне келгендер арасында АҚШ президенті Барак Обама, Палестина президенті Махмуд Аббас, Ұлыбритания ханзадасы Чарльз бар.
Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лаураеты Шимон Перес 28 қыркүйекте 92 жасында ауруханада көз жұмған.
Жерлеуде Палестина басшысы Махмуд Аббас пен Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху қол алысып, қысқаша сөйлесті.
Жерлеуде сөйлеген Барак Обама Аббастың келуін израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы "аяқталмаған бейбіт процесті" еске түсіреді деді.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон Пересті "адамзаттың ортақ данышпан жеңіскері" деп атады.
1992 жылы Перес Израиль сыртқы істер министрі болып тұрғанында Палестинаны азат ету ұйымының жетекшісі Ясир Арафатпен құпия келіссөз жүргізген. Келіссөз нәтижесінде Ослода келісімге қол қойылған. Бұл жетістікке байланысты Арафатқа, Перес пен Израильдің сол кездегі премьер-министрі Ицхак Рабинге бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілген. Осло келісімінің қабылдануына Билл Клинтонның да көмегі тиген.