Accessibility links

Ресей СІМ «Боинг» апатын тексеруге қатысты Нидерланд елшісін шақыртты


Ресей сыртқы істер министрлігі өкілі Мария Захарова.
Ресей сыртқы істер министрлігі өкілі Мария Захарова.

Ресей сыртқы істер министрлігі (СІМ) Украинаның Донецк аймағында құлаған малайзиялық жолаушылар ұшағы апатын тексеру жөніндегі халықаралық топтың жұмыс әдістерін Ресей жағының неліктен қабылдай алмайтынын түсіндіру үшін қазанның 3-і күні Мәскеудегі Нидерланд елшісін шақыртқан.

Ресей СІМ өкілі Мария Захарованың сөзінше, бірлескен тергеу тобы жұмысының аралық қорытындысын «бірегей дұрыс нәтиже деп таңуға тырысу» байқалып отыр.

Бұған дейін жұма күні Нидерланд сыртқы істер министрлігі Гаагадағы Ресей елшісін шақыртып, әуе апатын халықаралық тексеру қорытындысын негізсіз сынауды қабылдамайтынын білдірген. Сол күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ВВС жүргізушісі Стивен Сакурдың сұрақтарына жауабында «Боинг» апаты үшін кешірім сұрауды қажет деп таппаған.

Қыркүйектің 28-і жарияланған халықаралық тергеу тобының есебінде 2014 жылы шілденің 17-і күні Украинаның шығысында құлаған Malaysian Airlines әуе компаниясының Boeing 777 жолаушылар ұшағын Ресейден Украинаға әкелінген «Бук» қондырғысымен атып, кейін ол аймақтан кері алып кеткен деген қорытынды жасалған.

Амстердамнан Куала-Лумпурға MH17 рейсімен ұшып бара жатқан Boeing 777 ұшағындағы 298 адамның барлығы мерт болған. Құрбандардың көпшілігі – Нидерланд азаматтары еді.

XS
SM
MD
LG