Петропавлда жаңа салынып жатқан жеке тұрғын үйдің ауласында газ сақтайтын орында жарылыс болып, салдарынан үш адам жараланып ауруханаға түсті. Газ сақтайтын қойма оған газ құйып жатқан кезде жарылып, өрт шыққан. Апатқа не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Апаттан газ цистернасының жүргізушісі мен құрылыс салып жатқан екі адам түрлі дәрежеде жараланған. Олардың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қалалық №3 аурухананың травматолог дәрігері Вали Бедешевтің айтуына қарағанда, екі адам жансақтау бөліміне, бір адам бет-бас сүйек хирургиясы бөліміне түскен.