Accessibility links

Ақтөбеде «Терроризм» айыбымен қамалған күдікті аштық жариялады


Ақтөбедегі тергеу изоляторларының бірі.
Ақтөбедегі тергеу изоляторларының бірі.

Ақтөбеде «Терроризм» айыбымен қылмыстық іске тартылып, тергеу изоляторына қамалған Нұрлан Өмірбеков аштық жариялады деп хабарлады облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті жедел бөлімінің бастығы Нұрбол Отарғалиев.

«Айыпталушының ас-сусыз отырғанына екі тәуліктен асып барады. Оның тергеу изоляторы мен ондағы қызметкерлерге қатысты ешқандай арыз-шағымы жоқ. Айыпталушы тергеу барысындағы кейбір жайттарға наразы» деді Нұрбол Отарғалиев.

Тергеу материалдарына қарағанда, Нұрлан Өмірбеков екі серігімен бірге Сириядағы «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қосылмақ болып, биыл ақпан айында «кәпірлерге қарсы жиһад жасау үшін» қаржы іздестіре бастаған. Нұрлан Өмірбеков «Ақтөбе облысының Жем қаласындағы қатаң режимді колониядағы мұсылман браттарға қысым көрсеттің» деген желеумен жергілікті тұрғынды қыспаққа алып, оның құны 3 миллион 404 мың 980 теңге тұратын пәтерін өз атына аударуға мәжбүрлеген дейді тергеушілер.

Нұрлан Өмірбековке қылмыстық кодекстің бес бабы (174-баптың 1-бөлімі, 256-баптың 2-бөлімі, 125-баптың 2-бөлімінің 1 және 8-тармақтары, 191-баптың 2-бөлімінің 1 және 3 тармақтары, 194-баптың 3-бөлімінің 3-тармағы) бойынша «Терроризмді насихаттады», «Әлеуметтік, діни алауыздықты қоздырды», «Адам ұрлады», «Кісі тонады және бопсалады» деген айыптар тағылған. Бұл айыптар оның күдікті екі серігі Р.Р.Жаңажанов пен Р.Д.Бердешевке де тағылған.

XS
SM
MD
LG