Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантос өзіне берілген Нобельдің бейбітшілік саласындағы сыйлығының 925 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай жүлдесін елдегі жарты ғасырдан астам уақытқа созылған қақтығыстан зардап шеккендерге көмектесуге жұмсайтынын мәлімдеді.
Сантос "құрбандарға көмек көрсету және ымыраласуға арналған қорлар мен бағдарламалар мен жобаларға" жұмсайтынын хабарлады. Сантос мұны 2002 жылы ФАРК ұйымы мүшесінің шіркеуге тастаған бомбасынан қаза тапқандарды еске алу жиынында айтты. Колумбиядағы 52 жылдан асқан азаматтық соғыстан 250 мың адам құрбан болып, 45 мың адам із-түзсіз жоғалған.