АҚШ президенттігіне Демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтон Ресей билігі Республикашыл партия кандидаты Дональд Трамптың сайлауда жеңіске жетуіне көмектесу үшін америкалық ұйымдар мен жекелеген азаматтарға кибершабуыл ұйымдастырып жатыр деп мәлімдеді.
9 қазанда өткен дебатта Клинтон таяуда ғана жасалған кибершабуылдар шет мемлекеттің АҚШ-тағы сайлау барысына килігуінің бұрын-соңды болмаған кампаниясының бір бөлігі деп атады. Вашингтон кибершабуылдарды Мәскеу ұйымдастырды деп санайды.
"Еліміздің тарихында бізге қарсы шет мемлекеттің сайлау нәтижесіне ықпал ету үшін өлермендікпен жұмыс істеген оқиғасы бұрын-соңды болған емес. Олар мені сайлау үшін емес, сайлау нәтижесінің Дональд Трамптың пайдасына шешілуіне ықпал етпекке әрекеттеніп жатыр" деді Клинтон.
Сент-Луис қаласында өткен дебатқа екі күн қалғанда президент Барак Обаманың әкімшілігі Кремльді бірінші рет таяуда АҚШ-тағы сайлауға кедергі келтірмек болған кибершабуылдарға қатысы бар деп айыптаған.
Өткен жұма күні, 7 қазанда Клинтон қызметкерлерінің соңғы айлардағы электрондық хаттарының және өзінің сауда мен шекараны реттеу мәселелеріне қатысты көзқарастары бар құжаттардың жарияланып кетуіне Ресейдің қатысы бар болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин туралы оң пікір білдіріп, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуды қолдаған Трамп дебатта Клинтонның бұл пікірлерін "күлкілі" деп атады.
Кремль бұған дейін кибершабуылдарға қатысы барын бірнеше рет жоққа шығарған.