Қазақстандағы мүгедек әйелдердің "Шырақ" қауымдастығы мен "Даму" қоры елдегі мүмкіндігі шектеулі 180 әйелді кәсіпкерлікке оқыту жобасын бастады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы бүгін Алматыда "Шырақ" қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева, "Даму" қорының маркетинг және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Зәуре Масгутова және "Мен алматылықпын" қоғамдық ұйымының жетекшісі Константин Авершин өткізген жиында жарияланды.
"Шырақ" қауымдастығы мен Қоғамдық пікірді зерттеу орталығы бірлесіп республикадағы 330-дан астам мүгедек әйелдер арасында және 75 жеке бизнес, қоғамдық ұйымдар және мемлекеттік мекемелердің басшылары арасында сауалнама жүргізген. Жобаны ұйымдастырушылар сауалнамаға қатысқан мүмкіндігі шектеулі әйелдердің 36,1 пайызы кәсіби және қайта даярлау курстарынан өтуге мұқтаж екенін білдіргенін айтады.
Ләззат Қалтаеваның сөзіне қарағанда, сауалнамаға қатысқан 75 жұмыс берушінің 56 пайызы мүмкіндігі шектеулі әйелдерді жұмысқа алуға дайын екенін білдірсе, 44 пайызы жұмысқа қабылдауға қарсы болған.
Мүмкіндігі шектеулі әйелдерде кәсіпкерлікке оқыту жобасы аясында 16 қаладан 180 әйелді оқыту және соның ішінен 90 әйелді қайта оқыту мен біліктілікті арттыру курстарына іріктеп алу жоспарланған.
Ұйымдастырушылар жобаның мақсаты мүмкіндігі шектеулі әйелдерге демеу болу ғана емес, олврды жұмыс алатын заңды тұлғаларға да қолдау көрсету екенін айтады.