Бүгін Шымкенттегі жанар-жағармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 2-5 теңгеге қымбаттады.
Қаладағы алты жанар-жағармай бекетіне барған Азаттық тілшісі литрі 125 теңгеден сатылып келген АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 127-130 теңгеге жеткенін көрді.
Sinooil жанар-жағармай бекеті қызметкерінің айтуынша, бензин бағасы бүгін таңертеңнен бері құбылып, түстен кейін нақты бағасы қойылған.
Шымкенттік көлік жүргізушілер қалада жанар-жағармайкешеден бері қымбаттағанын айтады.
«Кеше жанар-жағармай бекеттерінен жүргізушілер солярка таппай қиналды. Қымбат. Жоқ. Енді бүгін АИ-92 бензин 5 теңгеге қымбаттап, 130 теңгеге бір-ақ көтерілді» аты-жөнін айтқысы келмеген азамат.
«Жанар-жағармай ассоциациясы» қауымдастығының төрағасы Қайысбек Қамбаров өңірдегі бензин бағасы қымбаттауын Шымкенттегі бензин шығаратын зауытта жоспарлы жөндеу жүріп жатқанымен түсіндіреді.
«Қазақстандағы қалған екі зауыт республиканы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ете алмай, соны салдарынан жетіспеушілік болып, баға өсіп жатыр. Қазір Шымкентке жанар-жағармай Атырау мен Павлодардан тасымалданып жатыр. Жол шығынына байланысты баға көтерілді» дейді ол.