АҚШ пен Ұлыбритания Сирия үкіметі мен Ресейге Алеппоны бомбалауына байланысты қысым көрсету үшін жаңа санкциялар салуды ойластырып жатыр. Бұл туралы Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен 16 қазанда Лондонда кездескен соң мәлімдеді.
Керри Сирияның ең ірі қаласы - Алепподағы жағдайды "Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болып отырған ең ірі гуманитарлық апат" деп атап, мұнда "адамзатқа қарсы қылмыстар күн сайын жасалып жатқанын" айтты.
Борис Джонсон Мәскеуді бітімді бұзбай, "Сирия халқы мен адамзатқа оң іс жасауға" шақырды.
"Біздің Сирия билігі мен оны қолдаушыларға қатысты қолданатын төтенше шараларымыз жеткілікті. Бұл шараларымыз аталған қылмыстарды жасағандарға түбінде кері әсер етеді, сондықтан олар мұны осы бастан ескергені дұрыс" деді Джонсон.
Джонсон АҚШ пен Еуропа Одағын Ресейге әскери операциясының салдарын сезінетіндей ықпал етуге шақырды.
Сирия үкіметі Алеппоның шығыс аудандарын басып алу операциясын үш апта бұрын бастаған.
БҰҰ қалада әлі 275 мыңға тарта бейбіт тұрғын барын және Сирия, Ресей мен Иран қолдайтын күштерге қарсы 8 мыңға тарта көтерілісші соғысып жатқанын айтады.
Батыс елдері Ресей мен Сирия билігін ауруханаларды бомбалап, бейбіт тұрғындарды өлтіру және медициналық керек-жарақ пен дәрі-дәрмектердің жеткізілуіне кедергі жасау арқылы "адамзатқа қарсы әрекет жасап отыр" деп айыптайды.