Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша жаңа СИ-8 (ЛА-155/18 мекемесі) изоляторында бүгін Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сотының көшпелі отырысында 18 шілдеде болған шабуылға қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Судья Ербол Болатов шабуылға басты айыпталушы, 26 жастағы Руслан Күлекбаевқа қатысты істі ашық түрде өткізді.
Судья соттың құрамын, оған қатысушылар мен сотталушылардың аты-жөнін және оларға тағылған айыптарды оқыды. Судьялар құрамына қарсылық болмады. Судья алдын ала тыңдауды аяқталды деп санап, соттың негізгі тыңдауын 24 қазанға белгіледі. Ол сонымен қатар сот процесі күн сайын дүйсенбіден жұмаға дейін болатынын, сондықтан адвокаттар мен сотқа басқа да қатысушылар бұл күндері жеке шаруаларын ысыра тұруы тиіс екенін айтты.
Руслан Күлекбаевқа теракті жасады, күш құрылымдарының сегіз қызметкері мен екі бейбіт тұрғынды өлтірді және үш адамды өлтіруге оқталды деген айып тағылған. Бұл іс бойынша Күлекбаевтың серігі делінген өзге бес сотталушы - Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Ербол Құсайынов, Дәурен Әсембекұлы және Нұрсұлтан Әбдімомынға қарақшылық шабуыл жасады, ұрлық жасады және заңсыз қару-жарақ сақтады деген айыптар тағылған.
Күлекбаев пен төрт айыпталушы СИ-8 тергеу изоляторында қамауда отыр. Сотталушы Әбдімомын ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр. Қамаудағы бес адамды сотқа айдауылмен алып келді, Әбдімомын өз еркімен келді. Сотқа 23 адам жәбірленуші, 72 адам куәгер ретінде тартылмақ. Сотталушылар құқығын 6 адвокат қорғайды.
"Күлекбаев ісі" бойынша тергеу ол шабуылдан соң бірден ұсталған 18 шілде күні басталған. Билік шабуылды теракт деп атаған. Бұл іс бойынша 61 томнан тұратын сот материалдары сотқа 12 қазанда берілген.