Accessibility links

Боқаев пен Аянның сотында Төлешовтен жауап алына бастады


Тоқтар Төлешов Атырауда өтіп жатқан сотта Астанадан видео конференция арқылы куәгер ретінде жауап беріп тұр. Атырау, 17 қазан 2016 жыл.
Тоқтар Төлешов Атырауда өтіп жатқан сотта Астанадан видео конференция арқылы куәгер ретінде жауап беріп тұр. Атырау, 17 қазан 2016 жыл.

Атырауда азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сотта шымкенттік белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешовтен "қашықтан жауап алу" басталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Билікті күшпен басып алмақ болды деген айыппен Астанада қамауда отырған Төлешовтен жауап алу видео конференция түрінде өтеді.

Судья Гүлнәр Дәулешова Төлешовтен жеке бас мәліметтерін анықтап сұрап, оған құқығын, оның ішінде куәгер ретінде жауап беруден бас тарту хақын да түсіндірді. Бұдан соң судья Төлешовтен қашықтан жауап алудың негізгі бөлігі түскі үзілістен соң жергілікті уақыт бойынша сағат 14:30-да жалғасатынын жариялады.

"Шымкентсыра" компаниясының иесі, "Террористік қауіп-қатерді талдау орталығы" ұйымының басшысы Тоқтар Төлешов қаңтардың соңында "қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу" және "есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" баптары бойынша күдікті деп танылып, қамалған. Тергеудің ұйғарымына қарағанда, ол сәуірдің соңынан мамырдың соңына дейін бірнеше қалада өткен "жер дауына" қатысты митингілерді "ұйымдастырған". Өткен айда интернетте "Төлешовтің өз кінәсін мойындағаны" туралы қолмен жазылған хатының көшірмесі пайда болған.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне қатысты сот 12 қазанда басталған. Боқаев пен Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптар тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

XS
SM
MD
LG