Accessibility links

Астанада зейнеткер "пәтеріне пара-пар" баспана беруді талап етті


Зейнеткер Екатерина Зайцева жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Астана, 20 қазан 2016 жыл.
Зейнеткер Екатерина Зайцева жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Астана, 20 қазан 2016 жыл.

Астанада бүгін зейнеткер Екатерина Зайцева баспана мәселесі бойынша биліктен рұқсат алған жалғыз адамдық наразылық пикетін өткізді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, пикет Шәкәрім Құдайбердіұлы және Александр Пушкин атындағы көшелердің қиылысындағы паркте өтті.

Зейнеткер қолына өзіне "лайықты тұрғын үй беруді талап ететіні" жазылған плакат ұстап шықты. Ол сүрілген ескі жатақханадағы екі бөлмесіне пара-пар баспана берілуін талап етті.

Зайцева көлемі 34 шаршы метр тұрғын жайына өтемақы ретінде жергілікті билік белгілеген 6 миллион теңгеге баспана сатып алу мүмкін емес дейді.

Ол қала шетіндегі Өндіріс кентіндегі жатақханада тұрғанын, үш жыл бұрын жатақхананы сүріп, орнына бір бөлмелі үй ұсынғанын айтады. Бірақ зейнеткер өздері екі отбасы - күйеуі екеуі және ұлы төрт баласымен тұратынын айтып, екі бөлмеге пара-пар пәтер беруін талап етеді.

- Жоғарғы соттың қала әкімдігіне маған жатақханадағы пәтерімнің орнына үй берсін деген шешімі бар. Бірақ әкімдік қаланың басқа бөлігінен бір бөлмелі пәтер ғана ұсынып отыр. Ол бізге тар, шатырынан су өтіп тұр. Президенттен бізге дұрыс үй беруге көмектесуін сұраймыз, - деді Зайцева.

Пикет өтіп жатқан маңда Астана қалалық ішкі саясат басқармасының өкілдері жүрді. Олар зейнеткерге мәселесіне қатысты ешнәрсе айта алмайтынын, қалалық тұрғын үй басқармасына сауал жолдауды айтты.

Зейнеткердің айтуынша, былтыр қыркүйекте Астананың Сарыарқа аудандық соты Екатерина Зайцеваның өтемақы сомасына қатысты берген өтінішін қанағаттандырған. Бірақ қалалық соттың апелляциялық алқасы әкімдік талабы бойынша ол шешімнің күшін жойған. Ал 15 маусымда жоғарғы сот әкімдік зейнеткерге үй берсін деген шешім шығарған.

Астананың бас жоспары бойынша, Өндіріс кентінде орналасқан бірнеше ғимарат сүріліп, орнына ТЭЦ-3 жылу электр станциясын салу жоспарланған.

XS
SM
MD
LG