Астана соты "Азбука жилья" құрылыс компаниясына қарасты "Айсанам de luxe" тұрғын үй кешенінің бір топ үлескерінің наразылық митингісін өткізу туралы берген өтініштерін қанағаттандырмағаны үшін қала әкімдігінің үстінен берген шағымына қатысты шешім шығарды.
Үлескерлердің адвокаты Қайрат Абижановтың Азаттыққа айтуына қарағанда, әкімдікке қарсы үлескерлердің берген шағымын қараған Астананың мамандандырылған экономикалық соты бүгін шығарған шешімінде қалалық ішкі саясат басқармасының ісін заңды деп тапты.
- Сот басқарма қызметін дұрыс атқарған, бірақ басқарманың қызметкерлері дұрысын жұмыс істемеген деп тапты. Сот осыған байланысты қала әкімдігіне жекелеген қызметкерлерін "жұмысына жауапсыз қарағаны үшін" жазалау туралы шешім шығарды. Біз енді әкімдіктің соттың бұл шешімін қаншалықты орындағанын бақылаймыз, -деді Абижанов.
"Азбука жилья" компаниясынан алдандық" деген үлескерлердің айтуынша, олар Астана әкімдігінен 23 қыркүйек күні мемлекеттен үйлерін салуға қаржы бөлуді талап етіп, наразылық акциясын өткізуге рұқсат сұраған. Рұқсат сұраған өтініш әкімдікке 12 қазан күні берілген. Бірақ әкімдік 12 қыркүйек пен 12 қазан аралығында жалпы қалалық сенбілік айы өтеді деп, акцияға рұқсат бермеген. Үлескерлер өтінішке жауап акция өтеді деп белгіленген мерзімнен кем дегенде бес күн бұрын берілуі тиіс екенін, бірақ ішкі саясат басқармасы жауапты кешіктіріп бергенін айтады. Әкімдік өкілдері жауаптың кешігуіне қала әкімінің 16 қыркүйекте "Мәскеудегі Астана күндеріне қатысуға кетіп қалып, қол қоятын адам болмай қалуы себеп болды" деген. Үлескерлер бұған қарсы әкімдікті "қызметте әрекетсіздік танытты" деп сотқа берген.