БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссары Зейд әл-Хуссейн Алеппоның шығыс аудандарына жасалған әуе шабуылдары мен қоршауды көп адамның қазасына себепкер болған әскери қылмысқа тең «тарихи көлемдегі қылмыс» деп атады.
БҰҰ өкілі Сирия оппозициясы бақылауындағы Алеппоның шығыс аудандарына әскери ұшақтары бірнеше аптадан бері соққы беріп жатқан Ресейді атамағанымен, сөзінде кімді меңзегені айқын білініп тұрды деп хабарлайды Reuters.
Зайд әл-Хуссейн әлемдік державаларды өзара түсініспеушілікті қоя тұрып, Алеппода бейбіт халықтың қырғынға ұшырауының себебін тексеру үшін Халықаралық қылмыстық сотқа жүгінуге шақырды. «Алеппоның шығыс бөлігін бомбалауды және қоршауды қоса алғанда, күллі Сириядағы зорлық-зомбылық пен азап жай қайғы-қасірет қана емес, тарихи көлемдегі қылмыс» деп мәлімдеген Зайд әл-Хуссейн.
Бұған дейін Ресей бірнеше рет бейбіт тұрғындарға әуе шабуылын әдейі жасайтыны туралы айыптауларды жоққа шығарып, тек қана террористерге қарсы күрес жүргізіп жатқанын мәлімдеген.
Қазанның 21-і күні БҰҰ өкілдері әуе шабуылдарының уақытша доғарылғанына қарамастан, гуманитарлық миссиялар жаралыларды эвакуациялауға кірісе алмай отырғаны туралы мәлімдеген. Сирия үкіметі гуманитарлық мақсаттағы дәліздерді «террористер» атқылап жатыр деп мәлімдеген.