Катардың биліктен құлатылған бұрынғы басшысы шейх Халифа бин Хамад Әл Тани 84 жасында көз жұмды.
Катар мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, Катарды 1972-1995 жылдары басқарған Халифа бин Хамад Әл Тани 23 қазанда дүние салған.
Халифа бин Хамад Әл Тани 1995 жылы Швейцарияда демалыста жүргенде өзінің ұлы шейх Хамад бин Халифа Әл Тани төңкеріс жасап, өзін тақтан түсіргеннен бері билікке араласпаған.
Катардың қазіргі әмірі - шейх Халифа бин Хамад Әл Танидің немересі шейх Тамим бин Хамад Әл Тани елде үш күн аза тұту жариялады.
Ирактың бұрынғы басшысы Саддам Хусейн 1990 жылы көршілес Кувейтті басып алған соң шейх Халифа бин Хамад Әл Тани Парсы шығанағындағы өзге араб елдерімен бірге өз әскери нысандарын АҚШ бастаған коалицияның Кувейтті азат ету операциясына пайдалануға берген.
Катар бұдан соң ұзамай АҚШ-пен қауіпсіздік келісімін жасасқан. Қазір Катарда АҚШ-тың Орталық әскери қолбасшылығының штаб-пәтері орналасқан. АҚШ-тың Сирия мен Ирактағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қарсы әуе шабуылдарын жасайтын ұшақтары да Катарда орналасқан.