Accessibility links

Ақтөбеде қарулы шабуылға қатысты сот талқылауы басталды


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты ғимараты. Ақтөбе, 24 қазан 2016 жыл.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты ғимараты. Ақтөбе, 24 қазан 2016 жыл.

24 қазанда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында биыл 5 маусымда болған қарулы шабуыл бойынша сот талқылауы басталды.

Бұл қылмыстық іс бойынша 18 қазан күні алдын ала тыңдау жүргізілген. Алдын ала тыңдау кезінде сот залына кіре алмаған айыпталушылардың туыстары бүгінгі басты сот талқылауы кезінде де бой көрсетпеді. Сот отырысы жабық түрде өтіп жатыр.

Сот ғимараты маңындағы күзет бұрынғысынша әлі де күшті. Шәмші Қалдаяқов көшесінің сот ғимараты орналасқан бөлігі қоршауға алынған. Көршілес ғимараттардың шатырларында автомат асынған арнайы жасақ сарбаздары отыр. Келесі сот отырысы қазанның 25-іне белгіленді.

Ақтөбедегі атыс оқиғасындағы қылмыстық іс бойынша 29 адам сотқа тартылып жатыр. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде «терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары» үшін, 18-і – дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін, екеуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталған. Айыптылардың құқығын 27 адвокат қорғайды. Бұл іс бойынша 88 адам жәбірленуші, 48 адам куәгер деп танылған.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың «радикалдық діни топ өкілдері» болғанын және олардың «шетелден нұсқау алғанын» мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG