Accessibility links

Атыраудағы сотта Жер басқармасы басшысы куәлік етті


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

24 қазанда түстен кейін Атырауда азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот процесінде облыстық Жер қатынастары басқармасының бастығы Арман Баженов куәлік етті. Белсенділер жер реформасына қатысты сәуірде өткен митингіден соң қылмыстық жауапқа тартылып жатыр.

Арман Баженов өзінің Макс Боқаевты көптеген аймақтың проблемаларын көтеріп жүрген қоғамдық белсенді ретінде танитынын айтты. Процесс барысында айыпталушы Макс Боқаевтың сауалдарына жауап берген ол жер мәселесіне қатысты үкіметтен шыққан комиссияның аймақтарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін еске алды. Оның сөзінше, шетелдіктерге жердің жалға берілетіні туралы мәселе 2014 жылға дейін белгілі болған.

- Сіз қала әкімімен бірге алаңда адамдардың ортасында тұрдыңыз? Сіз агрессивті көңіл күйдегі қолдарына таяқ ұстаған ашулы адамдарды көрдіңіз бе? Жерді шетелдіктерге жалға берген қандай да бір келісім-шарттар бар ма? - деп сұрады Макс Боқаев одан.

Арман Баженов агрессивті адамдарды көрмегенін, ал Индер ауданында жартысы "СПК Каспийге" тиесілі, екінші жартысы шетелдік инвесторға тиесілі компания бар екенін" айтты. Бірақ инвестордың атын есіне түсіре алмады.

Талғат Аян Астанадан келген жер реформасын түсіндіруші өкілдермен болған брифингте өзінің Қазақстанда ауыл шаруашылығына жарамды қанша жердің сатылатыны немесе жалға берілетіні туралы сауал қойғанын айтты. Аян Жер кодексінің 23-бабына сілтеме жасап, "бірлескен кәсіпорында үлесі бар шетелдіктің жерді жалға және жеке меншікке ала алатыны" туралы айтты.

Арман Баженов бұл ақпаратты мақұлдады. Бірақ "пайыздық үлестегі артықшылықтар туралы мәселені заңдық жағынан алып қарау керектігін" ескертті.

Атыраулық азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян "заңсыз митинг ұйымдастырды", "әлеуметтік алауыздық тудырды" деген айыптармен 17 мамырдан бері қамауда отыр. Белсенділерге қарсы сот 12 қазанда басталған. Биыл сәуір және мамыр айларында Атырау, Орал, Семей, Қызылорда мен Алматы сияқты Қазақстанның ірі қалаларында үкіметтің ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді жалға беру мен сату тәртібін өзгерту туралы реформасына қарсы мыңдаған адам қатысқан наразылық акциялары өткен еді.

XS
SM
MD
LG