Алматыда қарулы шабуылға күдікті Руслан Күлекбаевты өзінің үстінен өтіп жатқан сот залына қайта алып келді. Бүгін таңертең оны сот басталғанда судьяның талабына бағынбағаны үшін сот залынан шығарып жіберген еді.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Күлекбаевты сот залына оның адвокатының сұрауымен алып келді. Судья оған сот тәртібіне бағынуын ескертті. Азаттық тілшісі Күлекбаевтың өзі көңілді екені байқалатынын айтады.
24 қазандағы сот тыңдауында 26 жастағы Руслан Күлекбаев денсаулығына байланысты сауалдарға отырып жауап беруді сұрап, сот оны қанағаттандырған.
Бүгінгі сотта жәбірленушілердің кейбір туыстары мен куәгерлер сұралып жатыр. Кешегі сотта жәбірленушілер мен айыпталушылар, оның ішінде Күлекбаев та сөйлеген.
Іс бойынша Руслан Күлекбаевтан өзге бес адам сотқа тартылған. Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Дәурен Әсембекұлы, Ербол Құсайынов, Нұрсұлтан Әбдімомынға «заңсыз қару-жарақ сақтады» және «Күлекбаевпен бірге кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады» деген айыптар тағылған.
"Күлекбаев ісі" бойынша тергеу ол шабуылдан соң бірден ұсталған 18 шілде күні басталған. Билік шабуылды теракт деп атаған. Бұл іс бойынша сот материалдары 61 томнан тұрады.
"Күлекбаев ісі" бойынша соттың алдын ала тыңдауы 17 қазанда өткен.