Accessibility links

Он тәулікке қамалған белсенді Сүйіндік Алдабергеновтің шағымын сот қанағаттандырмады


Сотталып жатқан атыраулық белсенділерге қолдау білдірмек болғаны үшін 10 тәулікке қамалған азаматтық белсенді Сүйіндік Алдабергенов (сол жақта) анасымен бірге сот залында. Алматы, 26 қазан 2016 жыл.
Сотталып жатқан атыраулық белсенділерге қолдау білдірмек болғаны үшін 10 тәулікке қамалған азаматтық белсенді Сүйіндік Алдабергенов (сол жақта) анасымен бірге сот залында. Алматы, 26 қазан 2016 жыл.

Алматы қалалық апелляциялық соты бүгін жексенбі күні 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған азаматтық белсенді Сүйіндік Алдабергеновтің шағымын қанағаттандырмай тастады.

Апелляциялық сотқа шағым иесінің адвокаты Гүлнар Жуаспаева, Сүйіндік Алдабергеновтің анасы және бірнеше белсенді қатысты.

Сотта сөйлеген Сүйіндік Алдабергенов өзін қазанның 23-і күні «рұқсат етілмеген митинг өткізбек болды» деп ұстаған полиция қызметкерлері заңға қайшы әрекет жасады деп санайтынын айтты. Ол ұсталғаннан кейін толтырылатын хаттама көшірмесі өзіне берілмегенін, адвокат арқылы қорғауға мүмкіндік жасалмағанын айтты.

- Әлеуметтік желі арқылы рұқсат етілмеген жиын өткізейік деп ешкімді шақырған емеспін. Атырауда соты болып жатқан Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдау жайлы Жібек жолы көшесіндегі аллеяда кездесу өтетінін естіп бардым. Бірақ ешқандай да жиын болған жоқ. Мені аллеяға жиналған оншақты адаммен амандасып болғанша полиция ұстап әкетті, - деді ол.

Сүйіндік Алдабергенов соттан полиция хаттамасында құқық бұзушылық дәлелі ретінде аталған «Жібек жолы көшесіндегі заңсыз жиын» туралы видеоны көрсетуді сұрады. Бірақ судья Нұрлан Құрманғалиев «хаттамада жазылғанымен шын мәнінде ондай видео жоқ» екенін айтып, видеоны сот залына алдырудан бас тартты.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева Сүйіндік Алдабергеновті ұстау, оның үстінен әкімшілік құқық бұзу туралы хаттама толтыру және куә тарту барысында полиция қызметкерлері бірнеше қате жібергенін айтып, Сүйіндік Алдабергеновті босатуды сұрады. Прокурор оған қарсылық білдірді. Бұдан соң судья Нұрлан Құрманғалиев Сүйіндік Алдабергеновті он тәулікке қамау туралы шешім күшінде қалатынын хабарлады.

Қазанның 23-іне Алматы қаласының Жібек Жолы көшесіндегі аллеяға қазір Атырауда сотқа тартылып жатқан Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіру үшін жиналған төрт белсендімен қоса полиция Сүйіндік Алдабергеновті де ұстаған еді. Сол күні Алматының ауданаралық әкімшілік соты Алдабергенов пен тағы екі белсендіні «бейбіт жиын, митинг, шеру өткізу тәртібін бұзғаны» үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған.

Сүйіндік Алдабергенов биыл көктемде ауылшарушылығы мақсатындағы жерді жеке меншікке сатуды және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруді көздейтін заң өзгерістеріне қарсы Алматыда мамырдың 21-і күні болады деп жоспарланған қарсылық жиыны қарсаңында «рұқсат етілмеген митингі ұйымдастырмақ болғаны» үшін әкімшілік сотқа тартылып, 15 тәулікке қамалған.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сәуірдің 24-і күні Атырауда өткен жер реформасына қарсылық митингісінен соң қамауға алынған. Олардың үстінен «заңсыз митинг ұйымдастырған» және «араздық қоздырған» деген айыптар бойынша қозғалған қылмыстық іс қазір Атырау сотында қаралып жатыр. Белсенділер өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.

Сүйіндік Алдабергеновтің апелляциялық шағымы бойынша сот:

Белсенді Сүйіндік Алдабергеновтің шағымын сот қанағаттандырмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

XS
SM
MD
LG