Accessibility links

Алматыда СССР-ге әкелінген испан балаларының тарихы жайлы көрме ашылды


Қазақстандағы Испания елшісі Педро Хосе Санс Серрано (оң жақта) мұражай қызметкерімен әңгімелесіп тұр. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.
Қазақстандағы Испания елшісі Педро Хосе Санс Серрано (оң жақта) мұражай қызметкерімен әңгімелесіп тұр. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында бүгін Испаниядағы азамат соғысы кезіндегі балалар тағдырына арналған көрме ашылды. Көрмеге Испанияда 1936-1938 жылдары аралығында болған азамат соғысы кезінде СССР-ге эвакуацияланған республикашылдар балаларының құжаттары көшірмелері, хаттары, күнделіктері мен мемуарларынан үзінділер қойылған.

Совет одағына 3-15 жас аралығындағы жалпы саны 2873 испан баласы әкелінген. Олардың бір бөлігі ауру немесе басқа себептерден көз жұмған. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары өзге совет азаматтары тәрізді олар да қиындық пен қасіретті басынан өткерген. Совет диктаторы Иосиф Сталин өлгенге дейін оларға СССР-ден кетуге тыйым салынғандықтан, тірі қалғандарының көпшілігі жиырма жыл бойы Отандарына қайта алмаған. Кейбірі отбасын құрып, СССР-де біржолата қалған.

Көрмеге испан балаларының фотолары, суреттері, жазулары бар материалдар қойылған. Оларда СССР-ге балалық шағында келген испандықтардың естеліктерінен, сұхбаттары мен хаттарынан үзінділер келтірілген, сонымен бірге балалардың Совет одағында қандай жағдайда болғаны жайлы есептердің көшірмелері бар.

Көрме материалдары — Мәскеудегі испан орталығы, «Архивтер, соғыс және қуғын» ассоциациясы, «Ностальгия» қоры, Каталония ұлттық архиві мен көрме кураторы Хуан Барсело сынды ұйымдар мен жеке азаматтардың жүргізген зерттеулерінің нәтижесі. Көрмені Қазақстандағы Испания елшілігі ұйымдастырған.

XS
SM
MD
LG