Accessibility links

Ресей Сириядағы химиялық шабуыл жайлы есепті қабылдамады


Виталий Чуркин, Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі.
Виталий Чуркин, Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі.

Ресей БҰҰ-ның Сирия үкіметі қарулы күштерінің химиялық шабуылдар жасауға қатысы бар болуы мүмкін деген есебін "сенімсіз" деп жоққа шығарды. Мәскеу бұл есептің негізінде Сирияға қатысты ешқандай санкция салынбауы тиіс дейді.

"Біз қандай да бір жазалау шараларын қолдануға негіз жоқ деп санаймыз. Санкция салуға дәлел жоқ" деді Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин 27 қазанда Қауіпсіздік кеңесінде есеп тыңдалған жабық отырыстан соң.

БҰҰ мен Химиялық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық ұйымның бірлесе жасаған есебіндегі құжат түріндегі айғақтар үкімет күштері 2014 және 2015 жылдары елді мекендерде хлорды пайдаланып үш рет химиялық шабуыл жасағанын көрсетеді.

Чуркиннің мәлімдеуіне қарағанда, бұл есептен шығатын қорытынды негізінде санкция салуға болмайды. "Бұл тұжырымдар берік дәлелдерге, ең алдымен матералдық айғақтарға негізделмеген. Қарама-қайшылықтар көп. Есепте келтірілген тұжырымдар түпкілікті емес, олардың заңдық күші жоқ әрі құқықтық шаралар қабылдауға негіз бола алмайды" деді Чуркин.

Бірақ Ұлыбритания мен Франция санкция салуға бекініп отыр. "Химиялық қару қолдануға жауаптыларға санкция салынуы тиіс. Басқа жол жоқ" деді Францияның БҰҰ-дағы өкілі Франсуа Делаттр. "Сирияда химиялық қару қолдануға қатыстылардың әр бірі жауап беруі керек" деді Ұлыбританияның БҰҰ-дағы өкілі Мэттью Райкфорт.

XS
SM
MD
LG