Көкшетауда бүгін антитеррорлық жаттығу өтіп жатыр деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Ақмола облыстық терроризммен күрес жөніндегі жедел штаб ақпаратына қарағанда, "Көкше - Антитеррор 2016" деп аталатын жаттығудың міндеті - арнайы күштер мен құралдардың терроризмге қарсы операция жүргізуге үнемі дайын болуын қамтамасыз ету.
Жаттығуда ведомствоаралық террорға қарсы шараларды пысықтау, терроризммен күрес жедел штабы мүшелері мен жедел топ басшыларының іс-қимылын үйлестіру, терроризмге қарсы операциялар жүргізудің әдіс-тәсілдерін жетілдіру мақсат етілген.
Терроризммен күрес жедел штабы қала тұрғындарын жаттығуға және онымен байланысты туындауы мүмкін уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұрайды.
Қазақстанда маусым айында Ақтөбедегі қарулы шабуылдардан соң террористік қауіп-қатердің "сары деңгейі" жарияланғаннан бері ірі қалаларда терроризмге қарсы жаттығулар жиі өткізіле бастады. Бұған дейін мұндай жаттығулар Астана, Алматы, Ақтөбеде өткізілген.