Accessibility links

Қарағандыда аутист балалармен қалай жұмыс істеуді үйретті


«Аутизмді жеңуге болады» жобасы аясында аутист-балалар, олардың ата-аналары мен дені сау балалар үшін ұйымдастырылған инклюзивті спорт сабағы. Қарағанды қаласы, 29 қазан 2016 жыл.
«Аутизмді жеңуге болады» жобасы аясында аутист-балалар, олардың ата-аналары мен дені сау балалар үшін ұйымдастырылған инклюзивті спорт сабағы. Қарағанды қаласы, 29 қазан 2016 жыл.

Қарағанды қаласында аутизм диагнозы қойылған балалардың ата-аналары, болашақта аутист балалармен жұмыс істейтін студенттер, сонымен бірге қазіргі уақытта ондай балалармен жұмыс істеп жүрген мамандар – жиыны жүзден аса адамға науқас баламен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. «Аутизмді жеңуге болады» жобасына қатысушылардың ақпараты бойынша, Қазақстанда бұл дертпен ауыратын бала саны көбейіп барады. Ата-аналардың көпшілігі ондай баламен қалай жұмыс істеу жайын білмейді, ал жергілікті жерде мамандардың «аутистермен жұмыс істеуге дайын болмай жататын» кездері аз емес.

- Неліктен мұның бәрін өткізіп жатырмыз? Инклюзивті білім беру заң жүзінде қолданысқа енген кезде сыныпқа ондай баланың қосылуына оқушылар да, ата-аналар да, ұстаздар да дайын емес болуы себепті оның арты қайғылы оқиғаларға ұласуы мүмкін. Мұғалімдер теория жүзінде таныс, бірақ тәжірибе болуы қажет. Адамдар дайын болмай, жағдайдың қауіпсіз еместігінен бейхабар болған кездері жанжал шығуы мүмкін. Балаларды қатыгез деуге болмайды, бірақ олар әлгіндей баламен қалай араласу керектігін білмей жатады, - дейді «Аутизмді жеңуге болады» жобасының үйлестірушісі Салтанат Мурзалинова-Яковлева.

Ата-аналарды жаңа әдістерге үйретумен бірге «қиын баланы мамандарға өткізіп тастауға болады» деген ойдан арылтуға тырысады. Аутист балалар ата-аналарының ассоциациясы бүгінде тек Алматы мен Қарағандыда ғана бар. Аутизмді жеңу ісінде айтарлықтай табысқа жеткен балалардың аналары және аутист-балалармен жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асқан мамандар бүгін аутист-баланың қабілетін дамыту үшін қандай жаттығулар жасау керектігін көрсетіп, инклюзивті ойындарға араластырды.

- Анасы баласын аутизмнен алып шыға алады. Мұндай дертпен ауыратын баланың көптеген табысқа қол жеткізе алатынын өз тәжірибем негізінде көрсетіп бере аламын. Өзім дәрігермін, біз бұл істі бастаған кезде өте қиын болды, мен бұған аса сеніңкіремедім, бірақ кейін баламның дами бастағанын байқадым, – дейді Қарағанды қаласындағы аутист балалардың ата-аналары ассоциациясы негізін қалаушылардың бірі, аутист баланың анасы Меруерт Иманбаева.

«Аутизмді жеңуге болады» жобасы - «Қайырымдылық» («Милосердие») қоғамдық қоры мен «Самрұқ Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бірлескен жобасы. Бүгінгі семинарда айтылған статистикаға жүгінсек, әлемде әр 48 балаға бойында аутизм дертінің нышаны бар бір баладан келіп отыр.

XS
SM
MD
LG