Accessibility links

Белсенділер "Нұр Отан" кеңсесінде Назарбаевқа тағы да хат жолдады


"Нұр Отан" партиясы Алматы қалалық филиалы кеңсесінде плакат ұстаған белсенділер. 31 қазан 2016 жыл.
"Нұр Отан" партиясы Алматы қалалық филиалы кеңсесінде плакат ұстаған белсенділер. 31 қазан 2016 жыл.

Қазанның 31-і күні бір топ азаматтық белсенді "Нұр Отан" партиясының Алматы қаласындағы бөлімшесіне барды. Өздерін "Әділдік үшін" қоғамдық ұйымының мүшесіміз дейтін белсенділер келмей тұрып, құқық қорғау органдарының азаматтық киімдегі бірнеше қызметкері "Нұр Отан" ғимаратының алдына жиналды. Абылай хан көшесімен келген онға жуық белсендіні "Нұр Отан" кеңсесіне кіргізді.

Кеңсеге кірген белсенділерге "Нұр Отан" мен прокуратура қызметкерлері мәселені кабинетте диалог арқылы шешуге шақырды. Алайда оларға сенімсіздік білдірген белсенділер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу хатқа осы ғимаратта қол қоятынын айтып, кабинетке кіруден бас тартты. "Нұр Отан" партиясының қабылдауында бірнеше рет болсақ та мәселе шешілмеді" деген белсенділер президент Нұрсұлтан Назарбаевтан ғана үміттенетінін білдірді. Бір ғана белсенді "Нұр Отан" партиясы Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Станислав Канкуровтың шақыруына құлақ асып, қабылдауына кірді.

"Нұр Отан" кеңсесінің фойесінде қалған белсенділер өздерімен ала келген плакаттарын жайып тұрды. Құқық қорғау жүйесіне сенімсіздік білдіретін ұрандар жазылған плакаттарды көп ұзамай қайта жинап, Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған үндеу хатқа қол қойды. Үндеу хатта "құқық қорғау органдарының заңсыз шешімдерінен зардап шеккендерін", "шағым жазудан қажығандарын" жазған.

Акцияға қатысушылардың бірі Нәзия Біржанова "Нұр Отан" алдына бұл жолы биыл көктемде құрылған жер комиссиясы секілді арнайы комиссия құруды талап етіп келгенін айтады. Оның сөзінше, "мұндай комиссия заңсыз сот шешімдерін БАҚ-тың қатысуымен талқылауы тиіс". Нәзия Біржанованың айтуынша, "Әділдік үшін" қоғамдық ұйымының "құқықтық жүйе әділетсіздігінен шаршадым" деген бір мүшесі өзін-өзі өртеуге оқталған.

Наразылық акциясын аяқтаған белсенділер "Нұр Отан" кеңсесінен шыққанда ғимарат алдына өрт сөндіруші көлік пен жедел жәрдем келіп тұрғанын көрді.

Станислав Канкуров наразы белсенділердің талаптары әртүрлі екенін айтады. Оның сөзінше, белсенділердің азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысты мәселелері бірнеше рет қайта қаралып, Жоғарғы соттан да жауап берілген.

- Солай болса да белсенділерді қабылдап, заң бойынша түсіндіруге тырысамыз. Бірақ конструктивті диалогтан бас тартатындар бар, олар нақты мәселені талқылағаннан гөрі, жалпылама ұран салғанды жөн көреді. "Нұр Отанға" шағымданушылар ескерусіз қалмайды, сол себепті бізге келетіндердің көптігіне түсіністікпен қараймыз,- дейді ол.

"Әділдік үшін" ұйымының мүшелері осыдан бір ай бұрын да "Нұр Отан" партиясының ғимаратында "Сот құқықтық жүйесі" деген жазуы бар плакатты еденге тастап, үстіне бірнеше қолғап лақтырған. Белсенділер мұны "әділетсіз шешім шығарған судьяларды бетпе-бет сөйлесуге шақырудың белгісі" деп түсіндірген. Одан бұрын да "Нұр Отан" кеңсесіне келіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу-хат жолдаған. Оған өз қолдарын тіліп, қанмен қол қойған. Хатта әділет органдарының шешіміне наразы екендіктерін білдірген.

XS
SM
MD
LG