Қырғызстан түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің саммитін өткізуді кейінге қалдырды. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, бұл туралы Қырғызстан сыртқы істер министрлігі хабарлаған. Ресми Бішкек саммитті кейінге жылжытудың себебін әзірге айтпады. Сарапшылар саммиттің кейінге қалдырылуы кеңес құрамындағы жекелеген елдердің, оның ішінде Қырғызстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың нашарлауымен байланысты дейді.
Министрлік өкілі Айымкан Кулукеева биыл Қырғызстан кезек бойынша саммитті төртінші тоқсанда өткізуі тиіс болғанын, бірақ Қырғызстанның бастамасымен ол кейінге қалдырылғанын айтты. Саммиттің енді қашан және қайда өтетіні кейінірек хабарланбақ.
Саммиттің кейінге ысырығанын ұйымның Стамбулдағы хатшылығы да растады. Хатшылық мұндай ақпаратты Бішкектен алғанын айтады.
Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысының бұрынғы орынбасары Адахан Мадумаров саммиттің ысырылуын биыл Бішкек пен Анкара арасындағы қарым-қатынастың нашарлауымен байланысты дейді. Оған Түркия әскерилері Сириямен шекарада ресейлік әскери ұшақты атып түсіргеннен кейінгі дауда Қырғызстанның Ресейді қолдауы себеп болған.
Бұдан өзге, биыл шілдеде Түркия билігі Фетхулла Гүленді мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптаған. Түркия ол кезде Қырғызстанда "гүленшілердің ықпалы барын" айтып, Бішкектен оған қатысты шаралар қолдануды сұраған. Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев бұл мәлімдемені айыптап, Анкараның өтінішін орындаудан бас тартқан.
Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесіне Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мүше.